Шымкент әкімінің орынбасарына "қастандық жасады" деп айыпталған Ернар Жиембай 9 жылға еркіндігінен айырылды

Руслан Берденов

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке “қастандық жасады” деп айыпталған Ернар Жиембай 9 жылға еркіндігінен айырылды.

Осыған дейін прокурор оған 11 жыл 3 ай түрме сұраған және жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеге жіберуді өтінген. Прокурор Бауыржан Қараманов түрлі дәйектер мен куәгерлердің айғақтары айыпталушы Ернар Жиембайдың кінәсі барын дәлелдеді деп мәлімдеген. Прокурор кәмелетке толмаған балалары барын айыпты жұмсартатын жағдай ретінде, ал ішімдік ішкен күйінде қылмыс жасауын жағдайды ауырлататын жайт ретінде бағалауды сұраған.

Жиембайға Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" және "Қылмысқа дайындалу әрі кінәліге байланысты емес себептермен аяқталмай қалған қылмысқа оқталу" деген екі бабы бойынша айып тағылған. Ол айыпты ішінара мойындаған.

Биыл 21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ тиіп, ол ауруханаға түскені белгілі болды. Бұл оқиғаға күдікті ретінде Ернар Жиембай ұсталып, кейін оған ресми айып тағылды.

Мамыр айында Берденов тәуір болдым деп мәлімдеген. Маусымның аяғында ол Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды.

Сот 6 тамызда басталған. Сот кезінде Ернар Жиембай сотта “қызғаныштан” эмоцияға беріліп, оқ атқанын, әйелінің Берденовпен жазысқанын көргенін, Берденовтің жұмыста дөрекілік танытып, намысына тиетін сөздер айтқанын жеткізген. Ал Берденов сотталушының айтқандарын толық жоққа шығарып, "манипуляция" деп атаған.

Сот отырысында айыпталушы адам өлтірем деген ниеті болмағанын мәлімдеп, жәбірленушіден бірнеше рет кешірім сұрады. Ал сотта Берденов оған қарап: "Егер еркек болсаң, әйеліңді бұл іске араластырмас едің", – деп айтты.

Сот үкімі оқылғаннан кейін Жиембай үкіммен келіспейтінін, бірақ бапты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабына ауыстыруды сұрады. Ол үкімді апелляцияға беретінін-бермейтінін әзірге, шешпеген.