Рубио мен Еуропа елдері Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесін талқылады

Марко Рубио

Вашингтон мен оның Еуропадағы одақтастары Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесін әлі талқылап жатыр. Бейсенбі күні Вашингтонда АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия және Финляндияның жоғары лауазымды тұлғаларының қатысуымен жиын өтті деп жазды Reuters агенттігі. Оған Украина өкілдері де қатысты. Пентагонның хабарлауынша, Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесі бойынша түрлі нұсқалар қарастырылған. Ұсыныстар кеңеске қатысқан елдердің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшілеріне таныстырылған.

Дереккөздердің айтуынша, тараптар Украина қауіпсіздігіне кепілдік мәселесіне келгенде жауапкершіліктің басым бөлігін Еуропа елдерінің өздері мойнына алуы керек деп келіскен. Мұны бұған дейін АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс те айтқан. Десе де Вашингтон Еуропадағы одақтастарға көмек көрсетуге дайын екенін атап өткен.

Reuters-тің жазуынша, Украинаға Еуропа елдерінің әскерін орналастыру – ұсыныстардың бірі болып қала береді. Десе де, АҚШ әуеден қолдау көрсете алады - немесе Украинаның кейбір аумағының әуе кеңістігін қорғауы мүмкін.

Дегенмен Украинаға қай елдердің әскерін жіберетіні анық емес. Украинаны қолдайтын кейбір елдер де, мысалы Польша мен Румыния әскерін жіберуден бас тартқан. Германияның да әскерін жіберетіні-жібермейтіні белгісіз.

Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинаға НАТО әскерін орналастыру туралы ұсынысқа тағы қарсы шыққан. Мәскеудің ресми ұстанымы бойынша, Украинаға қауіпсіздік кепілдігін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше елдер, арасында Қытай мен Ресей де бар, беруі керек. Киев бұған келіспейді.

Дереккөздерге сүйенген Bloomberg Лавровтың пікірі АҚШ пен Ресей арасында кейінгі кезде жүрген келіссөзді "іс жүзінде бұзды" деп жазды. Еуропаның бірнеше жоғары лауазымды шенеуніктері Ресей қазір соғысты аяқтауға емес, АҚШ-тың жаңа санкциясынан жалтару үшін уақытты созуға тырысып жатыр деп санайды. АҚШ президенті Дональд Трамп жуырда егер алдағы 1-2 аптада прогресс болмаса, АҚШ басқа стратегияға көшуі мүмкін деп ескерткен.