"Өз баламды қалай тәрбиелеу керегін өзім білем" – осы сөзді көбіне балаға жасаған зомбылық әрекетін, шектен шыққан қатыгез қылығын бүркемелеуге тырысатындардан еститініміз жасырын емес. Жуырда Тәжікстанда болған оқиға осы елді ғана емес, күллі өңірді шошытты: әкесі ұлын "ұрлық жасады" деп кінәлап, автокөлікке байлап қойып, сүйреп өлтірді. Орталық Азия елдерінде "Аюға намаз үйреткен – таяқ" деген қағидаға сүйеніп, баланы түрлі сылтаумен – нашар оқығаны я тіл алмағаны үшін ұрып-соғу әлі күнге дейін "тәрбие құралы" саналады. Бұл әдет неліктен тыйылмай келеді және оның салдары қандай?
Тәжікстанды дүр сілкіндірген оқиға ел астанасы Душанбе қаласынан 60 шақырым жерде болған. 40 жастағы әке 15 жасар ұлын 600 сомони (шамамен 60 доллар) ұрлады деген күдікпен елсіз жерге апарып, аяғынан көлікке байлап алып сүйреткен және онысын видеоға түсірген. Жеткіншек алған жарақаттары салдарынан көз жұмды.
Тәжікстанда балаға қатыгездік танытқан оқиғалар бұған дейін де болған. 2024 жылдың қарашасында жерде домалап жатқан бес кішкентай баланы таяқпен ұрып-соғып жатқан әйелдің видеосы тараған кезде қоғам тағы бір дүрліккен еді. Таяқтан қорғанып, басы мен денесін қолымен бүркеуге тырысып, шырқырап жылаған балаларды дауысы видеоны көрген әркімді бей-жай қалдырмады. Видеодағы әйел Хатлон облысы Балхи ауданының 54 жастағы тұрғыны екені, ал ол аяусыз таяқтап жатқан 3-7 жас аралығындағы бес бала соның немерелері екені кейін белгілі болды. Әйел ұсталып, балаларға қатыгездік көрсеткені үшін үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Сол жылы қазан айында Хатлон облысының Хуросон ауданында 35 жастағы әйел көшеде жұрттың көзінше 10 жасар ұлын ұрып-соқты. Мұрны қанға боялған баланың видеосы әлеуметтік желіге тарап кетті. Мұндай қатыгездікті айыптаған қоғамның қысымымен кейін әлгі әйелге де шара қолданылды.
Тәжікстан ІІМ дерегінше, 10 миллион халқының 40 пайызын 28 жасқа дейінгі балалар мен жастар құрайтын елде 2024 жылы кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған 994 қылмыс тіркелген, яғни алдыңғы жылмен салыстырғанда үштен бір еседей көп. Оның 48-і – денсаулыққа орта және ауыр зиян келтіруге байланысты қылмыстар.
Роман Кимнің иллюстрациясы
2024 жылы Тәжікстан баланы ұрып-соғуға тыйым салып, әлем бойынша осындай заң қабылдаған 67-ші, ал Орталық Азияда Түрікменстаннан кейінгі екінші мемлекет болды.
Азаттық Азия тілшісі сөйлескен, аты-жөнін жария қылғысы келмеген БҰҰ балалар қорының (ЮНИСЕФ) Тәжікстандағы өкілінің айтуынша, 2023 жылы жүргізілген медициналық-демографиялық зерттеу нәтижесінде 14 жасқа дейінгі балалардың 56 пайызы отбасында зорлық-зомбылық көргені анықталған. Ал баланы ұрып-соғып тәрбиелеген дұрыс деп санайтын ата-аналардың саны кейінгі бес жылда 15 пайыздан 4 пайызға дейін азайған. Алайда ЮНИСЕФ Тәжікстанда балаға зомбылық жасаудың шынайы ауқымы ресми статистикадан әлдеқайда жоғары дейді. Ата-ананың баланы "тәрбиелеу үшін" жағынан тартып жіберіп немесе құлағын бұрып "жөнге салатыны" күнделікті өмірде сирек кездесетін жағдай емес.
Тәжікстаннан кейін биыл көктемде Өзбекстанда да "Балаларды зорлық-зомбылықтың барлық түрінен қорғау туралы" заң күшіне енді. Онда ата-ананың баланы тәрбиелеу үшін ұрып-соғуына немесе басқа да зомбылық жасауына тікелей тыйым салынған. Бұл заңды қабылдауға ЮНИСЕФ жүргізген зерттеу түрткі болды. Зерттеу қорытындысы елдегі 14 жасқа дейінгі балалардың 62 пайызы тәрбиелеу кезінде құқай көретінін анықтаған.
ЮНИСЕФ дерегі бойынша, Қазақстанда 2023 жылы балалардың 53 пайызын отбасындағы ересектер психологиялық немесе физикалық тұрғыда жазалаған. Тіпті мүлде кішкентай, 1-2 жас аралығындағы бүлдіршіндердің 38 пайызы да "күшпен тәрбиелеуге" ұшыраған. БҰҰ-ның Балалар құқығы жөніндегі комитеті Қазақстанға балаларды қорғауды күшейтуді, соның ішінде әлі күнге дейін отбасында және мектепке дейінгі ұйымдарда тыйылмай отырған баланы күш қолданып жазалауға заң жүзінде тыйым салуды ұсынды.
Қырғызстан да балаларды ұрып-соғуға заң жүзінде тыйым салуды жоспарлап отыр. 2023 жылғы зерттеу қорытындысына сәйкес, елдегі балалардың 65 пайызы отбасында қатал жазалауға тап болса, 37 пайызы таяқ жеген.
"Ата-ана надандығы"
Былтыр қараша айында Қырғызстанның Ноокен ауданында түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Онда ер адам қолындағы шыбықпен кішкентай қызды басынан ұрып: "Жасыңды тыйып, жөргегіңді ки де, ұйықта!" деп бұйырады. Соққыны ауырсынған қыз қыстыға жылап, ересек кісінің айтқанын орындайды. Ол адам осы қыздың әкесі екені кейін белгілі болды.
Алматы қаласындағы "Бақытты отбасы" отбасылық кеңес беру орталығының директоры, "Баланы жазаламай тәрбиелеу" кітабының авторы Елжас Ертайұлының айтуынша, ата-аналардың көбі ұрып-соғуды баланы тәрбиелі қылып өсірудің төте жолы санайды.
"Көпшілігі балаға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіруге артық уақыт жұмсаудың қажеті қанша, ақырып-зекіп немесе таяқ жейсің деп қорқытып қойсаң, тез-ақ жөнге салуға болады деп ойлайды, – дейді Ертайұлы.
Иллюстрация авторы – Роман Ким.
Оның сөзінше, балаға ашу шақырып, күш көрсету – ата-ананың әлсіздігін, эмоциясына ие бола алмайтынын, күйзеліске төтеп беруге қабілеті жетпейтінін, ең бастысы – бала тәрбиесіне келгенде надандығын көрсетеді.
"Бұл ата-ананың жоғары білімі бар-жоғына байланысты емес. Бәлкім, сіз магистратура бітірген, өз салаңызда кәсіби маман шығарсыз. Бірақ отбасы құндылықтарын, бала тәрбилеудің негіздерін, кейбір әдіс-тәсілдің зиянын білмесеңіз – бұл отбасындағы қарым-қатынас, бала тәрбиесінен мақұрым екеніңізді білдіреді. Дәл сол надандық кесірінен біз ойланбастан балаларды жазалауға бейім тұрамыз", – дейді Елжас Ертайұлы.
Душанбедегі Тәжік ұлттық университетінің доценті, психолог Мәдина Шарипова да отбасындағы зорлық-зомбылық көбіне ұрпақтан-ұрпаққа берілетінін айтады: кішкентайынан құқай көріп өскендер кейін ата-ана болғанда балаға соны өзі жасайды.
"Егер адам бала кезінде тек айғай-ұйғай, кемсіту көрсе, кейін өскенде соны қайталаудан басқа ештеңе білмейді", – дейді психолог.
"Өш алу үшін баланы сабау үрдісі пайда болды"
Орталық Азияда кейінгі жылдары жаңа үрдіс байқалып жүр: ата-аналар балаларын ұрып-соғып, қорлаған сәтін видеоға әдейі түсіріп, оны жұбайынан немесе туыстарынан "өш алу" немесе оларды өз айтқанына көндіру үшін жіберуді әдетке айналдыра бастады.
Биыл ақпан айында әлеуметтік желіде Өзбекстанның Сұрхандария облысы Сариасия ауданында түсірілген видео тарады: онда әйел нәрестенің бетінен аямай ұрып, аузы-мұрнын басып тұншықтырып жатқаны көрінеді. Ол мұны күйеуінен "кек алу" үшін істеп жатқанын айтып, бөбекті өлтіремін деп қорқытады.
2023 жылы Ташкент облысы Янгиүл ауданында ер адам өзінің екі жасар баласын азаптап жатқан сәтін видеоға түсірген. Бір видеода ол ұйықтап жатқан баланы тепкені, екіншісінде арқанмен қылғындырғаны көрінеді. Бас прокуратураның мәліметінше, "Гүлистон" мәхалласында тұратын 30 жастағы әлгі адам әйелімен жанжалдасып қалған кезде соған ерегесіп өз баласын жүйелі түрде сабап отырған.
Гүлчехра Рахманова
Тәжікстандағы бала құқығын қорғаумен айналысатын "Құқықтық бастама" қоғамдық қорының директоры Гүлчехра Рахманова кәмелетке толмаған балалар зорлық-зомбылыққа ұшыраған, кейде тіпті содан көз жұмған оқиғаларға талдау жүргізген. Ол бұл жағдайдың әлеуметтік себептерін, ең алдымен кедейлікті атап айтады. "Халықтың басым бөлігі жоқшылықта өмір сүріп жатыр. Тұрақты табысы жоқтығы, тамақ, баспана, киім жетіспеуі адамдарды қатты күйзелтеді. Ондай жағдайда ашу-ыза қысып, өшін көбіне ең әлсіздерден – балалардан алады", – дейді Рахманова.
Еңбек мигранттарының балалары ерекше қауіпті жағдайда жиі қалады. Ата-анасы жұмыс іздеп шетелге кеткенде баласын туыстарына тастап кетеді. Бірақ олар балаға әрдайым бас-көз болып қарай бермейді. Кейде оның аяғы қайғылы оқиғаға ұласады. 2024 жылы Ташкент облысында тұратын әйел 6 жасар жиенін үйге берілген сабақты орындамағаны үшін асқан қатыгездікпен ұрып-соғып, салдарынан қыз бала үш күннен кейін ауруханада көз жұмды.
"Қайталанатын зомбылық циклі"
Жұрт назарына ең сорақы оқиғалар ғана ілінеді, ал шын мәнінде, балаларды ұрып-соғып жазалау – Орталық Азияда әлі күнге дейін кең таралған әрі үйреншікті құбылыс болып отыр дейді өзбекстандық балалар психологы Муәззам Ибрагимова. Психологтардың, педагогтардың, нейробиологтардың сансыз зерттеулері көрсеткендей, "таяқпен тәрбиелеу" – балаға аса үлкен, кейде орны толмайтын зиян тигізеді деді ол.
Психологтың сөзінше, балаға қол көтеру оның сенімі мен қауіпсіздік сезімін бұзады. Қорғанышы болуға тиіс адамнан зәбір көрген баланың дүниетанымы шайқалады, жақын тұтқан адамға деген сенімін жойып, созылмалы күйзеліс тудырады.
Муәззам Ибрагимова
"Жаза қайталана берсе, – дейді Ибрагимова, – бала жасқаншақ болып, үнемі үрейде жүреді, ересектерден ғана емес, бір нәрсені қате жасап қоямын ба деген қорқынышқа бой алдырады".
Ұрып-соғудың кесірінен бала өзін-өзі төмендетеді: ол "мен бірнәрсені қате жасадым" деп емес, "мен – жаманмын" деп ойлайтын болады. Бұл оның тұлғасын бұзады. Бала зорлық-зомбылық көріп өскен соң, "күшпен ғана бағындыруға болады" деген ой санасына сіңеді. Өскенде ол өзі өзгеге қысым көрсетеді немесе керісінше, өзі бағынышты болатын біреуді іздейді.
"Осылайша зомбылық циклі қайталанады", – дейді сарапшы.
Душанбелік психолог Мәдина Шарипова зомбылық салдары баланың психологиялық және ақыл-ой дамуына ғана емес, физикалық жағдайына да әсер ететінін айтады: тілі кеш шығатыны, кекеш, шыжың болатыны, ұйқысы бұзылуы, үнемі мазасыздануы – соның алғашқы белгілері.
"Ата-анасы баланы дәрігер қоймай қаратып, ондаған сынама-талдау тапсырады, алайда олар қорытындысын "бәрі қалыпты" деп береді, өйткені оның себебі – психологиялық жарақатқа тіреледі", – деп түсіндірді Шарипова.
Жасөспірімдерде мұның салдары депрессияға, жылдар бойы созылатын посттравматикалық синдромға ұласып, оларды суицид туралы ойларға және өзін-өзі зақымдауға итермелеуі ықтимал.
"Өзін-өзі төмен бағалау, үйден қашып кету, қылмысқа немесе қоғамға қарсы қылықтарға бару – мұның бәрі бала кезде көрген зорлық-зомбылықтың салдары болуы мүмкін", – деп түйіндеді психолог.
Роман Кимнің иллюстрациясы
Ұжымдық жауапкершілік
Турсунзаде қаласында әке қолынан ажал құшқан жасөспірімнің қазасы Тәжікстан қоғамында үлкен резонанс тудырды. Әкесі қамауға алынды. Омбудсмен кеңсесінің Балалар құқығын қорғау бөлімінің жетекшісі Сухайли Кодиридің айтуынша, әкенің әрекеті Қылмыстық кодекстің 110-бабының 3-бөлігі ("Ауыр дене жарақатын салып, абайсызда өлімге соқтыру") бойынша сараланып жатыр. Бұл бап бойынша ең ауыр жаза – 15 жылға бас еркіндігінен айыру қарастырылған. Бірақ бұл әлі алдын-ала саралау, өйткені тергеу барысында қосымша жайттар анықталуы да мүмкін дейді Кодири.
Омбудсмен кеңсесінің Балалар құқығын қорғау бөлімі басшысы қазіргі кезде Тәжікстанда балалардың құқығын қорғау және баланы ұрып-соғып жазалаудың алдын алу саласы бойынша қабылданған заңдар халықаралық нормалар мен құжаттарға толықтай сай келеді деп сендіреді.
Тәжікстанның омбудсмен кеңсесі Балалар құқығын қорғау бөлімінің басшысы Сухайли Кодири
"Бала тәрбиесі мен оқуына ата-ананың жауапкершілігі туралы заң қабылданған соң, сондай-ақ "Бала құқығын қорғау туралы" заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін жаза күшейіп, нормативтік база қатаңдай түсті", – деді ол.
Кодиридің сөзінше, көбіне проблема отбасында жасалған зомбылық сыртқы шықпай, "жабулы қазан" күйінде іште қалатындығында болып отыр.
"Бала қорқып айтпауы мүмкін, өзіне жәбір көрсеткендер ол жақын тартып, жақсы көретін жандар болғандықтан, соларға сенеді. Сондықтан қоғамның, мектептің, полицияның, отбасының ұжымдық жауапкершілігі аса маңызды. Өкінішке қарай, көп жағдайда қоғам назар аудармайды. Турсунзадедегі ұлдың қазасы бұл қайғылы оқиға аяқ астынан болмағанын көрсетті. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ол бала бұрыннан жапа шегіп жүрген. Сірә, көршілері мен туыстары білген де, бірақ араласпаған. Ал мұндайда кез келген белгі – денесіндегі көгеріп, қанталаған іздер, жара, баланың үрейленіп жүруі – назар бұруды қажет ететін нышан ретінде қабылдануға тиіс", – деді ол.
Тәжікстандағы "Құқықтық бастама" қоғамдық қорының директоры Гүлчехра Рахманова да қоғамда отбасындағы зомбылыққа "сол үйдің ішкі ісі" деп қарап, оған араласпаған жөн деген көзқарас қалыптасқанын айтады.
"Көршілер мен туыстар жанжал шығып кетеді деп қорқып, оған араласпайды немесе күш көрсетіп "тәрбиелеуді" өздері де қалыпты нәрсе санайды. Көп жағдайда мектептер мен дәрігерлер де зомбылық белгілерін аңғаруды үйренбеген, ондайда не істеу керегін білмейді. Әлеуметтік қызметтер дұрыс жарақталмаған, шаруасы артығымен болғандықтан, көбіне формалды түрде жұмыс істейді. Ресурс тапшылығынан, үйлестіру мен жауапкершілік жетіспейтіндіктен бала құқығы жөніндегі комиссиялардың да жұмысы тиімсіз болып отыр. Айналып келгенде, жергілікті жерде балаларды қорғау мен жедел әрекет жасау жүйесі жоқ", – дейді Рахманова.
"Біз зомбылық жасалып жатқанын көрген кез-келген адам оған араласып: "Бұл балаға да, өзіңе де зиян келтіріп жатырсың" деп айта алатындай жүйе болғанын қалаймыз, – деді редакциядан өз аты-жөні мен қызметін атамауды өтінген ЮНИСЕФ өкілі. – Ең бастысы – ойлау жүйесін өзгерту керек. Шенеуніктер маған: "Әкем мені де ұратын, сөйтіп мен қалыпты адам болып өстім ғой" дегенде мен оларға: "Ал егер ұрмаса, бәлкім сіз Нобель сыйлығының лауреаты болар ма едіңіз" деп жауап қатамын".