20 тамыз күні Астана қаласының ауданаралық арнаулы әкімшілік сотының судьясы Қайрат Смағұлов Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Қазақстан өкілдігінің (RFE/RL-Қазақстан) жеті қызметкерінің Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің шешіміне қарсы берген талап-арызын қанағаттандырмай тастады.
Сот министрліктің Азаттық тілшілеріне тұрақты аккредитация бермеу туралы шешімін заңды деп тапты.
"Сот министрліктің шешімі заңды деген қорытындыға келді, сол себепті [Азаттықтың] шағымы қанағаттандырылмады", – деді судья Смағұлов.
Сот шешімін түсіндірген ол тиісті аккредитациясы жоқ шетелдік БАҚ және шетелдік журналистерге ел аумағында жұмыс істеуге тыйым салынатыны жазылған Қазақстанның "Масс-медиа туралы" заңының 30-бабының 4-тармағына сүйенгенін айтты.
Талап-арыз беруші тараптың заңгері соттың шешіміне келіспейтінін айтты.
"Шешімге келіспейтініміз туралы апелляция шағымын береміз. Сот сыртқы істер министрлігі келтірген дәйектерді қабылдады. Біздің алға тартқан уәждерімізді қабылдамады", – деді Азаттық радиосы өкілдігінің мүддесін қорғаған адвокат Лилия Чаусова.
Your browser doesn’t support HTML5
Сот Азаттық тілшілерін аккредиттемеген СІМ шешімін жақтады
"Ілік болатын жағдайды қолдан жасап отыр"
18 тамыз күнгі жарыссөзде адвокат Чаусова Азаттық қызметкерлерінің аккредитация мерзімін ұзарту бойынша уақытылы берген өтінішін қарауды министрліктің өзі бірнеше айға созып, кейін сол кезеңде кәсіби қызметімен айналысқан журналистерді "қисынсыз уәжбен" аккредиттеуден бас тартқанын айтқан.
Заңгер егер сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосының берген өтінішін заңда белгіленген мерзімде қарап үлгермесе, ол редакцияның кінәсі емес екенін, ол үшін жауапкершілікті журналистерге артуға болмайтынын, екіншіден, шетелдік БАҚ-та жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарына кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салу – ел заңдарына да, халықаралық құқық нормаларына қайшы келетінін айтты. Ол соттан Қазақстан СІМ-нің Азаттық журналистерін аккредиттеуден бас тартқанын негізсіз деп тануды сұраған.
Ал Қазақстан СІМ мүддесін сотта қорғаған заңгер Әсел Мамашева Азаттық радиосы қызметкерлері аккредитация мерзімін созу туралы берген өтініші қаралып жатқан кезде журналистік қызметпен айналысып, шетелдік БАҚ өкілдеріне тиісті аккредитациясы болмаса, ел аумағында жұмыс істеуіне тыйым салынатыны жазылған заң нормасын бұзды деп мәлімдеген. Оның сөзінше, СІМ журналистердің қандай тақырыпта, не жайында жазғанына бола емес, аккредитациясыз жұмыс істегені үшін заң талабын бұзды деп біледі. Сондықтан оларға аккредитация берілмейді деген.
Қазақстан заңы бойынша, шетелдік журналистер ел аумағында жұмыс істеу үшін сыртқы істер министрлігінен аккредитация алуы шарт, онсыз жұмыс істеуіне тыйым салынады. Бұрын аккредитация картасын екі жылға беріп келген сыртқы істер министрлігі былтырдан бастап бұл мерзімді алты айға дейін қысқартқан. Министрлік аккредиттация туралы өтінішті екі ай қарайтын болған соң, Азаттық жаңа картаға өтінішті алдыңғы мерзім аяқталардан екі ай бұрын берген еді. Бірақ министрлік осы екі ай аяқталғанда өтінішті қарауды тағы да екі айға созды. Содан кейін Азаттық тілшілеріне аккредитация бермейтіні туралы шешім қабылдады.
Азаттық радиосы сотқа түсірген шағымында министрлік Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеуге ілік болатын жағдайды қолдан жасап отыр деп жазды.
Сыртқы істер министрлігі Азаттықпен мәмілеге келуден бас тартты.
11 шілде күні Азаттық радиосы "Құқықтық медиа-орталық" қолдауымен сыртқы істер министрлігінің үстінен әкімшілік сотқа шағым түсірген.
"Қазақстандық журналисті шетел журналисіне балау дұрыс емес"
Былтыр баспасөз құқығын қорғау ұйымдары мен құқық қорғаушылардың сынына қалған "Масс-медиа туралы" заң шетелдік БАҚ пен шетелдік журналистерге Қазақстан аумағында тиісті аккредитациясыз кәсіби журналистік қызмет атқаруға тыйым салады. СІМ Азаттық тілшілері заңның 30-бабының 4-тармағын бұзды деген. Ал Азаттық журналистері шетел емес, Қазақстан азаматы екенін алға тартқан. Сот Азаттықтың уәжін қабылдамады.
"Құқықтық медиа орталығы" ұйымының заңгері Гүлмира Біржанова сыртқы істер министрлігінің Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеу туралы шешімі заңсыз деп біледі.
"Біздің ойымызша, қазақстандық журналистерді шетел журналистеріне балау дұрыс емес. Тіпті заңнамалық тұрғыдан алғанда да. Егер бұл қисынға салсақ, Қазақстандағы шетел компаниясында істейтін қазақстандықтардың барлығы ше?! Сыртқы істер министрлігінің өзі аккредитацияны ұзартуды қарастыруды негізсіз созды. Екі ай бойы созбалақтады. Осы екі айда су тасқыны сияқты қоғамдық-маңызы бар материалдар, мақалалар жарық көрді. Ол мақалалардың қоғамға қандай қаупі бар еді? СІМ сол күйі жауап бермеді. "Аккредитация болмаса, журналистер мақала жарияламай тұруы керек еді" деген министрліктің ұстанымымен келіспейміз. Конституцияның 20-бабы сөз еркіндігіне кепілдік береді және Азаттықтың өзінің Қазақстанда аккредитациясы бар. Қазақстандық журналистерді шетел журналистеріне балау ҚР Конституциясына қайшы деп санаймыз", – деді Гүлмира Біржанова.
Оның сөзінше, Азаттықтың тағы 9 журналисінің аккредитациясы бойынша сот 28 тамызда өтуі тиіс. Бірақ одан үміт аз екенін айтқан Біржанова Конституциялық сотқа да жүгіну керек деп есептейді.
20 тамызда Азат Еуропа/Азаттық радиосы корпорациясының президенті Стивен Капус Қазақстан сыртқы істер министрлігінің шешімі Қазақстан Конституциясына қайшы деп мәлімдеді.
"Бұл – сөз еркіндігіне кепілдік берген Қазақстан Конституциясына кереғар шешім. Азат Еуропа/Азаттық радиосы қазақ халқы жоғары бағалайтын аса маңызды қоғамдық қызмет атқарып келеді. Журналистика – қылмыс емес, сондықтан журналистеріміз жұмысына бола жазаланбауға тиіс. Жалпы алғанда, осы маңызды мәселені ашығырақ әрі бірге күш жұмсап шешуді қолдаймыз", – деді Стивен Капус.
Бұған дейін халықаралық баспасөз қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Азаттық тілшілеріне аккредитация беріп, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге үндеген.
Былтыр Қазақстан билігі Азаттықтың 36 тілшісін аккредиттеуден бас тартқан. Бірақ Азаттық сотқа жүгінген соң, министрлік редакциямен медиациялық келісімге келіп, журналистерге аккредитация картасын беруге келіскен еді.
2022 жылдың күзінен бері Азаттық сайты троттлинг дейтін бұғаттауға ұшырап келеді. Қазақстан аумағынан сайт өте баяу ашылады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ OONI: Азаттық сайттарына бұғаттаудың жымысқы әдісі қолданылғанНью-Йоркте орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) дүйсенбі, 18 тамыз күні Қазақстан билігіне үндеу жолдап, Азаттық радиосының 16 тілшісін аккредиттеуге шақырған.
Халықаралық журналистер федерациясы (International Federation of Journalists – IFJ), Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азаттықтың 16 журналисіне аккредитация бермеуін сөз бостандығына жасалған шабуылға теңеп, Қазақстан билігін еркін баспасөз принциптерін қолдауға үндеген.
"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының сөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында тұр. Алайда ресми Астана бұл бағамен келіспейді, қазақстандық билік өкілдері елде еркін баспасөзді дамыту үшін барлық жағдай жасалған дейді.